Қаңтар оқиғасы кезінде ерікті болып жұмыс істеген жас бұл қадамға не үшін барғанын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына толық тоқталып, одан сабақ алу қажеттігін атап өтті. Осыған орай сол күндері ерікті қызметін атқарған тележүргізуші Ернұр Кінәмә Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді. 

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Ернұр, Қаңтар оқиғасы кезінде ерікті ретінде қызмет атқарған екенсің, алдымен сол туралы айтып берсең.

– Қасіретті қаңтар оқиғасы қазақ еліне сын болды. Бастапқыда бейбіт басталған толқуларды зұлымдар өз мақсатына пайдаланып, қаймағы бұзылмаған қаймана халқымыздың береке-бірлігін бұзуға барынша тырмысты. Қалаларды қиратты, қан төкті, елді үрейге салды. Тəуелсіздігіміз талқыға түскен тарихи сəтте Мемлекет басшысы тарапынан батыл қабылданған шешімдер, халқымыздың байсалдылығы елдігімізді сақтап қалуға септігін тигізді. Осы уақытта əр қалада қаумалаған қалың бұқараның топтасуымен түрлі шерулер болды. Біздің Орал қаласында да дəл сондай сын сағатта жастар белсене араласып, халықты сабырға шақырды. Ерікті ретінде өз қызметтерін көрсетті.

Елде интернет желісі сөнгендіктен, тұрғындар қажетті ақпарат көздері мен күнделікті тұрмыстық қажеттілікке қол жеткізе алмай, қиналып қалды. Көңілге күдік ұялап, айналаны үмітсіздік баспас үшін осы сәтте еріктілер сапында мен де болып, халыққа қолұшын беруге бел будым. Ұйқы көрмей, ел тыныштығын күзеткен әскерилер мен тәртіп сақшыларына азық-түлік апардық. Ардагерлер мен аз қамтылған, көпбалалы отбасылар да ұмыт қалған жоқ. Шаһар төңірегіндегі кенттер мен шағынаудандарда кешкі кезекшілікте тұрдық. Тұрғындардың абыржымай, шынайы ақпарат алуына үлес қостық.

– Сол күндері Орал қаласында қақтығыстарға жол берілген жоқ. Бұған қалай қол жетті деп ойлайсың? Қауіп-қатерге толы шақта адамдар бір-біріне қалай көмектесті?

– Иә, шүкір, шаһарымызда ешқандай оқыс жағдай болмады. Орталық алаңға жиналғандар сабыр сақтап, жергілікті биліктің сөзіне құлақ асты. Осылайша, ың-шыңсыз тарап, ең бастысы, қан төгілген жоқ. Бұл тұрғындарымыздың ел бірлігі мен егемендігіне бейжай қарамайтынының бір дәлелі деп білемін. Дəл осы шақта олар бір-біріне демеу болды, қолдау білдірді, көмегін ұсынды. Бұл да бір ғанибет. Негізі, жаңалық жүргізушісі болып жұмыс істеймін. Еріктілікті қоғамдық қызмет есебінде көремін, қиын-қыстау кезде елге септесу азаматтық борышым деп білемін.

– Алдағы уақытта мұндай оқиға болмас үшін не істеу керек деп есептейсің?

– Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай қайғылы оқиға қайталанбас үшін бәріміз де одан сабақ ала білуіміз керек деп ойлаймын. Билік тұтқасын ұстағандардан бастап қарапайым адамдарға дейін сабыр сақтап, өткен-кеткеннен ой түйіп, болашақты болжап, елдікті бірінші орынға қоюымыз қажет. Қаңтар оқиғасы кезінде қасіретке тап болған отбасылардың жан жарасы таяу уақытта жазыла қоймас. Сонымен қатар ел тыныштығын қорғап, алдыңғы шепте болған, бірқатары өз жанын қиюға дейін барған батырларымызды ұмытпау ләзім. Ең бастысы, елдігімізді мығым ұстап, арман-мақсатымызды бір арнаға тоғыстырып, береке-бірлігімізді берік сақтай білсек, бізді ешқандай жау ала алмайды деп білемін.

– Әңгімеңе рақмет!