Қаңтар оқиғасы: Қылмыс белгілерінің болмауына байланысты 7 іс тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты қылмыстық құрамның болмауына байланысты 7 іс тоқтатылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасына қатысты мәселелерді қарау кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сонымен қатар арнайы прокурорларға адамның қайтыс болу фактісімен тіркелген 8 қылмыстық іс берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңға қарсы әрекеттері туралы куәландыратын объективті деректер анықталмағандықтан, іс-әрекетте қылмыс құрамының болмауына байланысты 7 қылмыстық істі тоқтатты», - деді О. Бектенов.

Осы орайда ол агенттік қылмыстық істерді тергеу кезінде Азаптауларды тергеу жөніндегі Ыстанбұл хаттамасының талаптарын қатаң ұстанатынын атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – оқиғалардың бүкіл хронологиясын анықтау және әрбір өтініш бойынша объективті құқықтық баға беру. Тәртіпсіздіктер жаппай болғандықтан, бұған біраз уақыт қажет. Барлық қылмыстық істер бойынша тергеу жоспары құрастырылып, онда тергеу-жедел іс-шаралары кешені қамтылды», - деді агенттік басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Олжас Бектенов қаңтар айындағы оқиғалардан кейін, құқық қорғау органдарына күштік құрылым қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты арыздар келіп түсе бастағанын айтты.

Осы орайда ол күштік құрылымдардың қызметкерлеріне қатысты 234 қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты.