«Қаңтар оқиғасына қаншама бауырымыз зардап шекті. Олардың арасында жазықсыздары, кінәсіздері бар. Сондықтан осы жайтқа бей-жай қарамай, нақақтан-нақақ қамауға түскен бауырларымызды босату үшін көмегімізді тигізейік деп шешім қабылдадық»,- деді Уаис Ерсайынұлы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта тергеу изоляторларында кінәсіз адамдар отыруы мүмкін. Сондықтан комиссия жұмысын жаңа деңгейде жалғастыру қажет.
«Талдықорған қаласында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Арыстанбек деген бауырымыздың бостандыққа шығуына көмек көрсеттік. Ет-жақын туысынан 75 жастағы атасы ғана бар екен. Мұндай мысалдар өте көп. 18 жасқа толғанына 2 күн болған кезде алаңға шыққан ініміздің ащы айқайы, мұң-зары әлі күнге дейін көз алдымызда, жүрегімізден кетер емес. Біз өз тарапымыздан ұсыныстарымызды беріп, сол інімізді тар қапастан шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді комиссия мүшесі.