ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қаңтар оқиғасына қатысып, бірнеше қылмыс жасаған ер адамға сот үкімі шықты.
Белгілі болғандай, жаппай тәртіпсіздікке қатысқан айыпталушы адам тонаған. Сондай-ақ полиция қызметкерлері ұстаған кезде одан атыс қаруы табылды. Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық сотында қаралған.
«Сотталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 272-бабы 2-бөлігі (Жаппай тәртіпсіздікке қатысу), 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (Адамға қауіпті емес күш қолданамын деп қорқытып жасалған тонау), 287-бабы 1-бөлігі (Атыс қаруын, оқ-дәрілерді заңсыз сақтау және алып жүру) бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне байланысты сот ер адамды 5 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген ақпаратта.