«Әу баста бейбіт митингіден жаппай тәртіпсіздікке ұласқан Қаңтар оқиғасының соңы мемлекеттік төңкеріске айнала жаздады. Арада бір жыл уақыт өткенде мүдделі топтың осындай қылмыстық мақсаты болғаны анық және айқын көрініс табуда. Ең сорақысы сол, осында әрекеттердің кейін де жалғасын тауып жатқандығы. Оған біз комиссия құрамында Қаңтар оқиғасымен айналысқан бір жыл мерзім ішінде көз жеткізе түстік»,- деді адвокат.
Мәселен, оның дерегінше, кейбір өңірлерде Мемлекет басшысының Қаңтар оқиғасына қатысты істердің әділ тергелуі, азаматтардың конституциялық құқықтарының қатаң сақталуы туралы берген тапсырмасына қарсы диверсиялық сипаттағы іс-әрекеттер орын алған.
«Оңтүстік облыстардың бірінде ҚР Қылмыстық кодесінің 272-бабының 2-бөлігімен, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін азаматты азаптап, ұрып-соғу, арқасына үтік басып, тырнақ астына ине жүгіру туралы ақпарат комиссия тарапынан тексеріліп, толық анықталды. Осыдан кейін біздің тараптан облыстық ішкі істер органдары басшылығына ол азаматты босату, яғни бас шарасын өзгерту туралы талап қойылды. Алайда, олар біздің ұсынысымызбен келіспей, азаптауға ұшыраған азамат ауыр қылмыс жасады деген желеумен оны босатуға, тиісті ем-дом алуына кедергі келтіріп бақты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, адам қандай қылмыс жасады деп айпталса да, оған қарсы күш қолдануға қатаң тыйым салынған. Ұзақ уақытқа созылған азаптау фактісі басқа емес, сол құқық қорғау органы қызметкерлері тарапынан орын алған. Ал басшылық құрам осыған көз жұма қараған», - деді Абзал Құспан.
Оның атап өтуінше, осыдан кейін комиссия бұл жайында Президент әкімшілігіне хабарлауға мәжбүр болған. Нәтижесінде облыстық полиция департаменті басшылығы жұмысынан босатылып, бірнеше қызметкердің үстінен азаптау фактісі бойынша қылмыс қозғалған.
«Ал азаптауға ұшыраған азаматқа сот шешімі шығып, рақымшылық қолданылып, бостандыққа шықты. Тиісті ем-домын алуда», - деді ол.