Қаңтар-сәуірде елімізде инфляция 3,6 пайызды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында еліміздегі инфляция деңгейі 3,6 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ведомство ақпаратына сәйкес, баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы төрт айда 3,9, азық-түлік емес тауарларына және ақылы қызметтерге - 3,5 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың басынан бағаның өсуі қара шайға 14,6, жармаларға - 13,6, қантқа - 10,6, нанға - 8,3, жаңа жиналған жемістерге - 7,5, күнбағыс майына - 7,2, жаңа жиналған көкөністерге - 6,8, қайта өңделген және консервіленген көкөністерге - 6,7, кондитерлік өнімдерге - 6,1, макарон өнімдеріне, кептірілген жемістер мен жаңғақтарға - 5,9, салқындатылған сусындарға - 5,8, мәйекті ірімшікке - 4,4, құс етіне, консервіленген сүтке - 3,9, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдерге - 3,4, сүзбеге - 3,2, балық және теңіз өнімдеріне - 2,9, шұжық, ет өнімдеріне - 2,1 пайызға артқан.

Баға өсімі фармацевтикалық өнімдерге 11,6, тұрмыстық аспаптарға - 6,1, жеке қолданатын тауарларға - 4,9, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 4,8, жолға қажетті тауарлар мен заттарды тасымалдайтын басқа да бұйымдарға - 4,7, тоқыма бұйымдарына - 4,6, автомобильдерге - 4,5, шыны және қыштан жасалған өнімдерге - 4,1, киім және аяқ киімге - 2,8, жиһаз және үйге қажетті заттарға - 2,1 пайызға өскен. Ал бензин бағасы 0,4 пайызға төмендеп, дизель отынына 0,7 пайызға көтерілген.

Баға деңгейі денсаулық сақтау, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтеріне - 5,4, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарын да 2 пайыздан артты. Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы 8,4, алыс қашықтыққа қатынайтын темір жол көлігіне 6,2 пайызға қымбаттады.

Тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер кәрізге 20,3, қоқыс шығаруға - 11,8, суық суға - 8,1, орталықтан жылытуға - 7, ыстық суға - 6,7, электр энергиясына - 4,4, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға - 4,2 пайызға жоғарылады.