Қаңтар-сәуірде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107 пайызды құрады

АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2011 жылғы қаңтар-сәуірде өткен жылдың осы айларына қарағанда 107 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін елордада өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Агенттік басшысының атап өтуінше, қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделдікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-нің 67-68 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.

Есептік мәліметтер бойынша жалпы ішкі өнімнің көлемі ағымдағы жылдың қаңтар-наурызында ағымдық бағаларда 4910,3 млрд. теңгені құраған. 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖІӨ-нің нақты өсімі 6,6 пайызға тең. ЖІӨ құрылымындағы тауарлар өндірісі, 40,9, қызметтер 53,6 пайызды құрап отыр.