Қаңтар-шілдеде еліміздің сыртқы сауда айналымы 49,4 миллиард АҚШ долларын құрады - Статистика агенттігі
18:03, 13 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қаңтар-шілде айларында еліміздің сыртқы сауда айналымы 49,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл туралы бүгін елордада еліміздің ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Қаңтар-шілде айларында сыртқы сауда айналымы 49,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстыратын болсақ, өсім 35 пайызға тең. Оның ішінде экспорт 64 пайызға өсіп, 34,4 миллиард АҚШ долларын, ал импорт керісінше 4 пайызға азайып, 14,9 миллиард долларды құрады», деді ол өз сөзінде.