Қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,9 пайызға өсті - Статистика агенттігі

None
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,9 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін елордада еліміздің ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,9 пайызға өсті. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі 5,8, өңдеу өнеркәсібі 19, ал электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда өрлеу қарқыны 7,6 пайызды құрады. Сумен жабдықтауда 5,9 пайыз өсім байқалды», деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар Статистика агенттігінің атап өтуінше, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,6 пайызға артқан.

Атаған мекеменің келтірген деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 604,7 миллиард теңгені құраған.