Қаңтар-тамызда өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 100,7 пайызды құрады

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 100,7 пайызды құрады, деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның атап өтуінше, 2012  жылғы қаңтар-тамыз айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көмір, табиғи газ және түсті металдарды өндіру арта түскен.

«Тамақ өнімдерінің және сусындардың, химия және жеңіл өнеркәсіптің, машина жасау және мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі жоғарылады. Өндірістің өсуі республиканың 9 өңірінде байқалды. Төмендеу Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау облыстарда және Астана қаласында тіркелді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар агенттік ақпаратына қарағанда, осы жылдың 8 айында 52,4 млн. тонна мұнай және газ конденсаты, 27 млрд. текше метр табиғи газ, 2,7 млн. тонна ұн, 1,7 млн. тонна бензин, 5,9 млн. тонна цемент, 1,1 млн. тонна ферроқорытпалар, 235,2 млн. тонна тазартылған мыс, 58,3 млрд.  кВт/сағат электр энергиясы өндірілген.