Бұл жөнінде ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты.
«Қазір ІІМ-нің криминалистері алынған іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басын анықтап жатыр.
Тергеушілер 15 мыңнан астам тергеу әрекетін жүргізді. Оның ішінде жәбірленушілерден, куәлар мен күдіктілерден жауап алу, беттестіру, қарап-тексеру, тінту және тағы басқа шаралар орындалды.
Тергеу органдарына дәлелдемелерді жинауға және құқық бұзушыларды ұстауға көмектесетін азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін», - деді Санжар Әділов.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына осы бағытта көмек көрсеткен алматылықтардың батыл әрекетіне жеке тоқталды.
«Мәселен, Алматы облысындағы елді-мекендердің бірінде тұрғындар ұрланған қарудың 6 данасын сату әрекетінің жолын кесіп, полицияға тапсырды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдіктілер қамауға алынды. Олардың Алматыдағы әуежай ғимаратындағы сауда объектілерін тонауға да қатысы бар екені анықталды», - деді ІІМ өкілі.