«Біз әлі де Қаңтардың барша ақиқаты мен шындығын түсінген жоқпыз. Керек десеңіздер, осы трагедиядан кейін пайда болып, оппоненттеріміз қасақана таратып жатқан демагогиялық дақпырт пен жалған ақпараттар легіне жүйелі жауап бере алмай келеміз. Тергеу мен сот біткенін ғана күтіп жатпай, идеологиялық жұмысты елге төніп отырған қатерлер деңгейіне көтеретін кез келді деп санаймын. Ол үшін жаңа ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Тек бар ақиқат пен шындықты батыл айтып, дерек пен дәйек арқылы дәлелдей білуіміз шарт», - деді Айдос Сарым Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Депутат Қаңтар оқиғасы о баста бейбіт шеру ретінде басталғанын еске салды.
«Өкінішке орай, оңтүстік өңірлерде, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында криминалдық, реваншистік күштердік араласуынан іс насырға шауып, жаппай тәртіпсіздіктерге, қарулы бүлікке ұласып кетті. Яғни біз бейбіт шеру мен жаппай тәртіпсіздіктер, бейбіт наразылық пен мемлекеттік төңкерісті шатастырып алмауымыз қажет. Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекетті сақтап қалған екі фактор бар: бірі – қазақ халқының парасаты мен бірлікке деген ұмтылысы, екіншісі – президентіміз дер кезінде қабылдаған тарихи шешімдері. Мемлекет басшысы сол күндері табандылық танытпағанда, Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін өзіне алмағанда, біз бүгінгі жиынды өткізіп отырмас едік. Керек десеңіздер, адам шығыны да жүздеген емес, мыңдаған, ондаған мың адаммен есептеліп, қаралы тізім әлі күнге дейін жалғасып жатар еді», - деді Айдос Сарым.
Сонымен бірге, депутат ҰҚШҰ әскерінің елге келуі туралы дақпырт тарағанын айтты.
«Орыс немесе қырғыз әскері халыққа оқ атты деген дақпырт бар. Шындығында олай болмаған. ҰҚШҰ қосындары өз еліміздің арнайы мамандандырылған күштерін босатып, елдегі конституциялық тәртіпті орнату жұмыстарына бағыттауға жол ашты. ҰҚШҰ-ның бірде-бір сарбазы ел ішіне араласқан емес, араласуы да мүмкін емес еді. Олар тек техникалық көмек функциясын жүзеге асырды.Елдің, мемлекеттің Тәуелсіздігі, тұрақтылығы тек өз әскеріміздің, полициямыздың арқасында ғана жүзеге асты. Бұл тұрғыдан қазақ елі ешкімге де қарыздар болған емес, болмайды да», - деді Мәжіліс депутаты.