Қаңтарда халықтың орташа атаулы ақшалай табыстары 7,9 пайызға артты - Статистика
12:53, 13 Наурыз 2013
АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - 2013 жылғы қаңтарда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 51365 теңгені құрап, 2012 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7,9 пайызға артты. Нақты ақшалай табыстары 1,2 пайызға өсті, - деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінен.
2013 жылғы қаңтарда орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстардың көлемі бойынша Атырау облысы, Алматы және Астана қалалары алдыңғы қатарда, мұнда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2,3 -1,6 есеге артық.
2013 жылғы қаңтарда табыстары ең төмен өңірлер қатарында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары белгіленді, осы өңірлерде халықтың табыс мөлшері республикалық деңгейден 61,1 %-дан 82,4 %-ға дейін құрады. Сонымен бірге, халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Алматы және Қарағанды облыстарында белгіленді.
2013 жылғы қаңтарда өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы арақатынас 3,7 есені құрады (2012 жылғы қаңтарда - 3,9 есе).