Қаңтарда қандай спорт түрлерінен Париж Олимпиадасына жолдама сарапқа салынады

2024 жылғы Париж Олимпиадасына қазақстандықтардың қатысуымен өтетін қандай спорт түрлерінен жолдамалар сарапқа салынатыны белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Michel Euler/The AP

Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, бүгінде Индонезия астанасы Джакарта қаласында нысана көздеуден Азия чемпионаты өтіп жатыр. Құрлықтық дода 18 қаңтарға дейін созылады.

Ал 12-22 қаңтар аралығында Кувейттің Эль-Кувейт қаласында стенд атудан Азия чемпионатында алдағы Жазғы Олимпиадаға жолдама беріледі.

Сондай-ақ 20 қаңтарда WA нормативі бойынша спорттық жүруден Түркияның ашық чемпионаты жалауын көтерсе, 27 қаңтарда Астана қаласында Әмин Тұяқов жүлдесіне арналған әлемдік турнир болады.

Португалияның Одивалос қаласында 26-28 қаңтар аралығында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында рейтингтік ұпай берілетін «Grand Prix Portugal» турнирі өтеді.

Семсерлесу шеберлері 12-24 қаңтар аралығында Тунисте қылыштасудан бәсекеге түссе, 29-31 қаңтар аралығында Катар астанасы Доха қаласында семсерлесуден гран-при өтеді.