Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Статистика агенттігің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Қаңтар айында ЖІӨ өсімі 106,3 пайызды құрады» - деді ол.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 4 ақпанында Экономикалық даму және сауда министрлігінде өткен алқа мәжілісінде ведомство басшысы Жанар Айтжанова 2011 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5 пайыз деңгейінде болжанатынын мәлімдеген болатын.
Ж. Айтжанованың айтуынша, министрліктің ағымдағы жылғы басты міндеттері Мемлекет басшысының жүктеген міндеттерін, оның ішінде ағымдағы жылғы Жолдауда қамтылған тапсырмаларын жүзеге асыру, сондай-ақ Үкімет басшысы тарапынан алға қойылған міндеттерді орындау болып табылады. «Бұл ретте макроэкономикалық сараптама және болжауларға келетін болсақ, 2011 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің нақты өсім деңгейі 5 пайызға болжанады. Көрсеткішке қол жеткізу үшін әлемдік экономикалық дамудың көмескілігі аясында әлі де сақталып тұрған тәуекелдерді ескере отырып, макроэкономикалық тәуекелдермен жұмыс жандана түседі», - деді министр.
Оның айтуынша, 2012-2016 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қалыптастыру алдағы үшжылдық бюджетті құруға негіз болады.