Қаңтарда өртенген қазақ телевизиясының «Алтын қор» мұралары әлі түгенделіп жатыр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» қаңтар оқиғасы кезінде өртенген «Алтын қор» мұраларын әлі түгендеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова ҚазАқпараттың сауалына жолдаған жауабында айтты.

«Қаңтар оқиғасы кезінде «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының Алматыдағы филиалының ғимаратында болған өрттен цифрланған бейнеқор сақталған Cinegy жүйесінің серверлері өртенді. Бүгінгі таңда «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының техникалық мамандары зақымданған серверлердегі бейнематериалдарды жаңа серверлерге көшіру жұмыстарын жүргізуде. Материалдардың қанша пайызы қалпына келтіріліп, қаншасы жарамсыз болатыны көшіру процесі толық аяқталғанда анықталады. Материалдар сұрыпталып, талдау жасалғаннан кейін нақты сандық мәліметтерді ұсынатын боламыз», - деп жазылған вице-министрдің жауабында.

Сондай-ақ, ол «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тарапынан «Алтын қорды» цифрландыру және оны мемлекет қорына өткізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта корпорация қорында жалпы ұзақтығы 17 мың сағатты құрайтын 100 мыңға жуық аудиотаспа сақталған. Олардың барлығы цифрландырылды. 25 000 аудиотаспаны 2022 жылдың соңына дейін мемлекеттік сақтауға Қазақстан Республикасының кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатына беру жоспарланып отыр. 2021 жылдың соңынан бастап Корпорацияның https://altynqor.com/ сайты ашылып, қордағы аудио және бейнетастапалар құндылығына қарай медиапорталға жүктеле бастады. Медиапортал «Бейнеқор», «Аудиоқор», «Тұлғалар» және «Фотоархив» бөлімдерінен тұрады. Әр бөлімде телевизия және радио ардагерлерінің, қазақ әдебиеті мен мәдениеті қайраткерлерінің сұхбаттары, естеліктерінен тұратын 50 телехабар циклы, «Советтік Қазақстан» киножурналы мен «Қазақтелефильм» өндірістік бірлестігінің жобалары бар. «Аудиоқор» бөлімінде 1954 жылдан бергі сақталған 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып алынған дауыстары, 100 күй, 100 ертегі, Батырлар жырының 50 нұсқасы топтастырылды. Қазіргі уақытта медиапорталда 1318 видео, 701 аудио жүктеулі. Сайтты толықтыру жұмыстары тұрақтары түрде жалғасады», - делінген жауапта.

Қаңтар оқиғасы кезінде «Qazaqstan» арнасының кеңсесіндегі «Алтын қор» қоймасы өртенгені хабарланған болатын .

Қазіргі таңда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын қор» сайты жұмыс істеп тұр.