Қаңтардағы азаптаулар туралы шағымдар бойынша 329 қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтарда азаптау тәсілдерін қолданған қызметкерлер шеніне қарамастан тиісті жазасын алады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, хаос кезінде күштік органдардың бірқатар қызметкері ұсталғандарға қатыгездік танытты. Бұл жағдайды еш нәрсемен ақтауға болмайды. Президент тапсырғандай, азаптау қолданған қызметкерлер шеніне қарамастан, тиісті жазасын алады», - деді Б.Асылов.

Оның айтуынша, азаптаулар туралы шағымдар бойынша барлығы 329 қылмыстық іс қозғалды.

«Олардың басым бөлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қарауында болды. Арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 34 қызметкеріне қатысты істі тергеді. Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау фактілері туралы істер сотқа жолданды. Сондай-ақ Алматы қаласының Уақытша ұстау изоляторында және Бостандық ауданының полиция бөлімінде 3 адамды азаптау фактісі бойынша істер де сотқа жолданды», - деді Бас прокурор.

Оның айтуынша, азаптау салдарынан Талдықорғанда Мұқашевтың, Алматыда Өтепбаевтың, Семейде Жотабаевтың қайтыс болу фактілері бойынша тергеу аяқталды. Материалдар бойынша таныстыру жүргеннен кейін, құжат сотқа жолданады.