ІСЕ деректері бойынша, сауда-саттық барысында қанттың бағасы бір фунт үшін 17,58 цент межесінен асып түскен. Бұл — 2025 жылдың 22 мамырынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Қант бағасының өсуі бірнеше факторларға байланысты болып отыр.
Trading Economics жазғандай, Тынық мұхитының орталық және шығыс бөлігінде судың жылынуы (Эль-Ниньо құбылысы) соңғы бірнеше онжылдықтағы ең жоғары межеге жетіп, қант өндірісіне үлкен қатер төндіріп тұр. Қант құрағы мен қант қызылшасы егілетін алқаптардың тарылып келе жатқаны себепті сарапшылар да 2026-2027 жылдары әлемде қант тапшылығы артатыны жайлы айта бастады. Мәселен, Үндістан, Еуропалық Одақ және Таиланд қолайсыз ауа-райына төтеп бере алмайтын ең осал аймақтардың қатарына жатады.
Сонымен қатар, мұнай бағасының жоғары болуы Бразилия сияқты ірі өндіруші мемлекетті қанттың орнына этанол өндіруге, яғни қант құрағын сол мақсатқа жұмсауға көбірек итермелеуі мүмкін. Айталық, шілде айының соңында бұл ел отын қоспасындағы этанолдың міндетті үлесін көбейтіп жіберді. Бұл әлемдік нарықтағы қант көлемінің одан әрі азаюына әкелуі мүмкін.
Ал қанттың ең ірі тұтынушысы Үндістан болса, ішкі қорын көбейтіп, әрі бағаның шарықтай өсуін тежеу үшін қазан айының соңына дейін осы өнімге импорттық баж салығын төмендетуді қарастырып жатыр. Олай етер болса, әлемдік нарықтағы онсыз да аз қант тіптен тапшы болып кетуі мүмкін.
Райхан Рахметова