КАНВОН. KAZINFORM – Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық спортшылар керлингтен аралас жұптық сындағы іріктеу кезеңдерінің соңғы сынында Даниядан жеңіліп, ширек финалдан тыс қалды.
Аталған бәсекеде Қазақстан намысын ағайынды Ибрагим мен Мерей Тастемір қорғаған болатын.
Жерлестеріміз қарсыластарына 15:3 есебімен жол берді.
Енді ертең Астана уақыты бойынша 8:00-де шаңғы жарыстарынан аралас эстафетада құрамамыз соңғы Олимпиада жүлдесіне таласады.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.
Канвонда қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы 19 қаңтар күні тұтанған болатын.
Жарыс 1 ақпанда мәресіне жетеді.
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.