Осы орайда бірден айта кетейік, қазақстандық спортшылар керлингтен қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бірінші рет өнер көрсетіп жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі жеңісі — осы Олимпиада ойындарының топтық кезеңіндегі алғашқы ірі жеңісі.
Бүгін ел намысын қорғаған Мерей Тастемір мен Ибрагим Тастемір жұбы Италия құрамасын 10:2 есебімен қапы қалдырды.
Ертең Астана уақыты бойынша 9:30-да құрамамыз шешуші ойынды Данияға қарсы өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін қазақстандық керлинг шеберлері Швейцарияға 1:9 есебімен жол берсе, Аустрия құрамасынан 4:5 есебімен ұтылды. Ал германиялық құрдастарына қарсы сында 4:8 есебімен есе жіберді.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.
Канвонда қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы 19 қаңтар күні тұтанған болатын. Жарыс 1 ақпанда мәресіне жетеді.