Қазіргі таңда спортшыларымыз өздеріне арналған қонақ үйлерге жайғасуда.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Астана төріндегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында спортшыларды Олимпиадаға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өткен болатын.
Олимпиада ойындарының алауы 19 қаңтар күні тұтанады. Канвон провинциясының Каннын қаласында өтетін жылдың басты жарысында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында 42 спортшы 5 спорт түрінен бақ сынап, 55 жүлде жиынтығын сарапқа салады.
Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша сынға түседі.
Канвондағы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 1 ақпан күні мәресіне жетеді. Аталған жарысқа әлемнің 50 мемлекетінен 1 800 спортшы қатысады. 7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын конькимен жүгіруден Петропавлдан ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шығады.