— Ерасыл, жаңа ғана Туризм және спорт министрінің қолынан еліміздің көк байрағын алдың. Қандай сезімдесің?
— Бұл мен үшін үлкен абырой екенін айтқым келеді. Сондай-ақ маған жүктелген зор міндет деп білемін. Сәл қобалжу да жоқ емес. Олимпиада ойындарында еліміздің байрағын қалай көтеріп шықсам, жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің туын солай желбіретіп қайту — басты арманым. Жалпы, Туымызды алып шығу — мені жеңіске жетелейді деген үміттемін.
— Олимпиада ойындарында Туды кез келген спортшыға сеніп тапсыра салмайды. Осы орайда таңдау қалай өзіңе түскенін айтып өтсең?
— Негізі, Олимпиада ойындарында еліміздің Туын алып шығамын деген ойымда болмаған. Осылай таңдау жасалғанын бапкерімнен естігенде не айтарымды білмей қалдым. Ең бастысы осыған дейінгі жетістіктерімді ескере отырып, сондай-ақ алдағы ойындардан зор үміт күтетіндіктен таңдаудың бірі маған бұйырған болар деп ойлаймын.
— Осыған дейін қандай жетістіктерге қол жеткіздің?
— Шорт-тректен спорт шеберіне кандидатпын. Өз құрбыластарым арасында Қазақстан чемпионы атандым. Сондай-ақ халықаралық жарыстарда да үздіктер қатарынан көрініп келе жатырмын. «Азия балалары-2023» халықаралық жарысында күміс жүлдегер атандым. Басқа да жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп келемін. Енді Олимпиада ойындарында жүлде алғым келеді.
— Дайындығың қалай?
— Олимпиадаға соңғы оқу-жаттығу жиындарын Астанада «Алау» мұз сарайында өткіздік. Дайындығым өте жақсы. Қазір бабымдамын деп айта аламын.
— Шорт-трек спортымен айналысқалы қанша уақыт болды?
— Шорт-трекпен айналысып келе жатқаныма биыл тура 7 болады. Бұл спорт түрінің барлық қыр-сырын меңгеріп меңгеріп болдық. Енді тек жарыстарда елімізге медаль сыйлау ғана қалды.
— Бұл Олимпиадада басты қарсыластарың қай елдің спортшылары болуы мүмкін?
— Ең басты қарсыластарымыз әрине мұзайдын иелері, яғни кореялықтар екені даусыз. Сондай-ақ қытайлықтар да біз үшін мықты қарсылас атана алады. Жалпы, Олимпиадаға барған барлық командалар — біздің ең мықты қарсыластарымыз.
— Бейжің Қысқы Олимпиадасында спортшылар Ұлттық құрама формасының сапасыз екенін айтқаны есімізде. Ал сіздерге берілген форма туралы не айта аласыз?
— Бұл форма маған қатты ұнады. Ыңғайлы, жеңіл, жылы екен. Түсі де көңілімнен шықты.
— Әңгімеңе рахмет! Жеңіспен оралуларыңызды тілейміз!