Қаңырап тұрған трамвай депосының орнында жастар орталығы бой көтеруі мүмкін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2,1 га аумақты алып жатқан бұрынғы трамвай депосының орнына жастар хабы бой көтеруі ықтимал. Аталған жобаны Алматы қаласы қоғамдық кеңесінде Урбанистика орталығының директоры Наталья Ливинская таныстырды.

Айта кету керек, бұған дейін трамвай депосының орнында қандай нысан салу мәселесі шешілмей келген еді. Өткен жылы тамызда Урбанистика орталығы аталған тақырыпта қоғамдық байқау өткізді. Орталық директоры Н.Ливинскаяның айтуынша, 22 жобаның ішінен ең көңілге қонымдысы қалалық Жастар орталығының жобасы болып шықты.
«Архитектуралық жағынан тиімді, қаржылық-экономикалық тұрғыдан түсінікті, нақты жоба осы болды. Қазір біз Жастар басқармасымен біріге отырып нақтырақ жұмыс жасап жатырмыз. Жоба құны шамамен 1 млрд теңге болады. Бұл қаржыға жобалау, құрылыс, абаттандыру жұмыстары кіреді», - деді Н.Ливинская.
Ал қалалық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Шыңғыс Бескемпіров аталмыш орталық туралы толығырақ тоқталды.
«Бұл өз кезегінде жастардың Лофт-орталығы болмақ. Мұнда спортшы жастар да, түрлі субмәдениет өкілдері де келетін болады. Ғимараттың ең ортасында коворкинг орталық орналасады. Шығармашылықпен айналысатын жастарға көрме залы, конференц-залдар, жастар ұйымдарына арналған кеңселер салынады. Жастар ұйымдарының қазір жиналып отыратын жерлері жоқ қазір. Сондай-ақ, жастарға арналған бизнес, тұрғын үй бойынша кеңес орындары ашылады. Мамандық іздеген жастарға қызмет порталы көмектеседі. Барлық бос жұмыс орындарын осында жинақтаймыз. Сондай-ақ, студент жатақханаларына куратор орталығын ашамыз. Келер жылдың аяғына дейін жастар хабын құрамыз жоспарлап отырмыз. Онда тек қаладағы жастар ғана емес, базарда жүрген жастарды да тартуға тырысамыз», - деді Бескемпіров Шыңғыс.
Айта кету керек, бұл жоба Қоғамдық кеңестің мақұлдауынан кейін Қалалық кеңестің талқылауына түседі.