Қаныш Сәтбаевтың еңбегіне арналған халықаралық конференция өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда белгілі ғалым, геолог, ҚР Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына орай халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясында өтті. Жиын басталмас бұрын шараға жиналған ғылыми инттеллигенция, Парламент Мәжілісінің депутаттары, қала әкімдігінің өкілдері және академиктің туыс-туғандары Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Халықаралық ғылыми конференция барысында Қ.Сәтбаевтың ғылымға қосқан орасан еңбегі туралы айтылды. Тарих ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов белгілі ғалым, сондай-ақ Қазақстандағы көптеген ғылыми зерттеу институттарының негізін қалағанын тілге тиек етті.

«Қазір комитет құрылымында 40-қа жуық ғылыми-зертету институты жұмыс істеп жатса, олардың қызметінің негізін қалаған Қанекең. Оның өлшеусіз еңбегінің арқасында академия бүкіл ТМД елдеріне белгілі ғылыми ордаға айналды. Ол Еуропа, Азия, Америка ғалымдарымен ғылыми байланыс орнатты», - деді ол.

ҚР ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы Сұлтан Оздоев атап өткендей, Қаныш Сәтбаев әлемдегі ірі мыс және уран кенішінің ашылуына септігін тигізді.

«Ол бірінші болып Атбасар тресін басқарды. Тура осы кезден бастап геология Қазақстанда қарыштап дами бастады. Ол негізінен Жезқазған мыс кен орнының ашылуына барынша еңбек етті, марганец кенінің де орнын тапты. Қаныш Сәтбаевтың артында 3 мұрасы - Ғылым академиясы, Геологиялық ғылым институты, Жезқазған мыс өндіру кен орны қалды», - деді Сұлтан Өздоев.

Оның айтуынша, белгілі ғалымның есімі Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Елдің көптеген қалаларында оның атымен мектептер, көшелер, зерттеу институттары аталған.