«Қапланбек»: Қазақстан мен Өзбекстан шекара бекетіндегі ахуал қалай

Коллаж: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Әдетте Ташкентке баратын Қазақстан азаматтарының негізгі легі «Жібек Жолы – Гишт‑Куприк» бақылау-өткізу пункті арқылы өтетін. Өңір тұрғындары «Черняевка» деп атайтын бұл бекет жабылғалы жүктеме «Капланбек – Навои» өткізу пуктіне түсті. Kazinform тілшісі бұл бекетті жаяу жүріп өтіп, мұндағы жағдайды көзімен көріп қайтты.

Күн сайын Өзбекстанға елімізден 30-40 мың адам өтеді. Екі ел арасындағы келісімге сай, Қазақстан азаматтары онда визасыз 30 күн жүре алады. Көпшілігі әуелі Ташкентке барып, ары қарай Хиуа, Бұхара, Ферғана жаққа сапарлап жатады.

Кейбіреулер Алматыдан Шымкентке ұшып барып, сонан соң шекараны жаяу кесіп өтеді — бұл тікелей рейске қарағанда әлдеқайда арзан. Бұл бағыттың шығыны аз болғанымен, шекарада күтпеген жағдай орын алуы мүмкін. Мәселен, адамдар аптап ыстықта кезекте ұзақ тұрып қалудан қорқады. Себебі шекараны жаяу кесіп өтушілер әуе рейсін таңдайтындардан қашан да көп болады. Кейбір жағдайда шекарада бюрократия да үлкен кедергі тудырады. Соның кесірінен ұзын-сонар кезек қалыптасуы ықтимал.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Шекара маңы атмосферасы

Шымкенттен Капланбекке дейінгі жолға шамамен бір жарым сағаттай уақыт кетеді. Жолдың кей бөлігі ақылы және жылдамдық шектелген (110 км/сағ). Ал кей жерлерде жөндеу жұмысы жүріп жатыр, онда қозғалыс тіптен баяулайды. «Қапланбек» бекеті «Жібек Жолы» өткізу пунктінен шамамен 20 км әріде орналасқан, сондықтан оған дейінгі жолға да орта есеппен 15–20 минут артық уақыт кетеді.

Шекара маңындағы өмір мүлдем бөлек, мұнда шіліңгір ыстықта да тіршілік дамыл таппайды. Шағын маркеттер, көше кафелері, сусынға толы бөшкелер, клиентін алыстан шақыратын такси жүргізушілері...

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

«Евразия‑S» ЖШС аумағында (8,6 га) автовокзал және көлік тұрақтары орналасқан. Онда 600 жеңіл көлік, 50 автобус, 70 спринтер және 400 фураға орын бар. Мұнда 27 бөлмелі жатақхана, 70–80 адамға арналған асхана, душ бөлмелері, жүзге жуық сауда нүктесі, жеке азық‑түлік дүкендері және ақылы (100 теңге) бес дәретхана жұмыс істеп тұр.

Кеден бекетінен екі жүз метр жерде Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы мен жекеменшік поликлиника орналасқан.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Жолдың екі беті толған айырбастау пункттері, олардың саны 60-тан асады.

Қазақстанның банк карталары Өзбекстанда қабылданады, бірақ көпшілік қолма‑қол ақша алып жүруді жөн көреді.

Шекараны бірден кесіп өтуді жоспарламаған адамдардар қонақүйде тоқтай алады. Мұнда тәулігіне 25000–37 000 теңге төлеп жайлы қонақүйге орналасуға болады. Іс-сапармен жүрген жандар үшін құжаттар түгел рәсімделеді. Оны қымбат санаған жандар үшін тәулігіне 20 000 теңге тұратын қонақ үй де бар, ол шамамен 1 шақырым шеткерірек жерде тұр.

Ең үнемді нұсқа — бір бөлмелі пәтер жалдау. Бұл маңда оның бағасы тәулігіне 10 000–15 000 теңге тұрады.

Өткізу пункті

Шекараға бір ғана жол бар — онымен жаяу жүргіншілер, көліктер және автобустар бірге өтеді. Адам ағыны көп кезде бұл бағыт қаншалықты қауіпсіз деген сұрақ туындайды. Бірақ біз барған күні бақылау-өткізу пунктінің (БӨП) маңы әдеттегіден әлдеқайда тыныш болды. Шекарадан жиі өтетіндердің айтуынша, мерекелік күндер қарсаңында және мигранттардың үлкен легі өтетін кездерде мұнда үлкен кептеліс болады.

Шекарадан өту

Шекарашылар адамдарды сабырлы кейіппен сыпайы қарсы алады. Жаяу адамдар торлы түнел арқылы паспортты тексеру аймағына өтеді. Оң жақта көліктер мен автобустарға арналған жол бар.

Бір–екі минуттан соң паспортты бақылау орнына жетесің. Терминалдар бөлек-бөлек тұр — Қазақстан азаматтарына бір қатар, шетелдіктерге бір қатар арналған. Мұнда кондиционер жұмыс істейді, ал кеден бекеті қызметкерлерінің үстінде шағын желдеткіштер орнатылыпты.

Пункт ыңғайлы: дәретхана, медициналық қызметкер бөлмесі бар.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, «Қапланбек» БӨП-де паспортты тексеруге арналған 59 терезе жұмыс істейді: Қазақстанға кіру үшін — 30, шығу үшін — 29. Біз өткен кезде Қазақстан азаматтары үшін 8, шетелдіктер үшін 7 терезе ашық тұрды.

Кезек те көп емес — әр терезеде 4‑5 адамнан. Әр адамға шамамен бір минуттан астам уақыт кетеді — рәсімдеу тез жүргізіліп жатты.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Өзбекстан жағында паспорт сканерге салынған соң камера адамның жүзін тексереді. Егер мәлімет сәйкес болса, «Навои» пунктінің шығыс есігі ашылады. Мені электрондық жүйе тани алмады, сондықтан бөлек терезеге барып, офицер фото бойынша сәйкестендіріп, мөр басты.

Екі шекараны өтуге шамамен 25 минут кетті.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Кеденнен соң

Казақстан жағындай, Өзбекстан жағында да көше саудасы қызып тұр: тандыр нан, самсалар, ойыншықтар, SIM‑карталар сатылады, таксистер де толып тұр.

Кері жол

Қазақстанға қайту сәл ұзағырақ уақыт алды. Түстен кейін ағын көбейді. Әсіресе балалы отбасылар көп болды, олардың көбі қыдырып қайтып бара жатқандар екен. Дегенмен рәсімдеу тез жасалды — қызмет көрсетудің тәртібі сол: паспорт, камера, мөр. Барлығы 30 минут шамасында аяқталды.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

«Қапланбек – Навои» БӨП арқылы жаяу өту еш қолайсыздық тудырмады. Ең бастысы — дұрыс уақытты таңдау және кезек бола қалған жағдайда сабыр сақтау.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Еске сала кетсек, жыл басында жөндеу жұмысына байланысты «Жібек Жолы» өткізу пункті жабылды. https://kaz.inform.kz/news/zhbek-zholi-otkzu-punkt-zhabiladi-e93ed1/

Ресми мәліметтер бойынша, «Жібек Жолы» бекеті 2026 жылға дейін жабық болады.

— Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында қазіргі сәтте келесі өткізу пункттері жұмыс істейді: «Б. Қонысбаева», «Атамекен», «Қазығұрт», «Сарыағаш стансасы», «Сырдария», «Целинный», «Тәжен» және «Бейнеу». «Б. Қонысбаева», «Капланбек», «Сырдария», «Целинный», «Сарыағаш стансасы» және «Бейнеу» шекаралық өткелдері жеке тұлғалар мен туристер үшін қолданылады, — дейді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті.

Жаз мезгілінде орташа тәуліктік ағыны (екі жаққа):

  • «Капланбек» — шамамен 38 000 адам;
  • «Б. Қонысбаева» — шамамен 3 300 адам;
  • «Сырдария» — 1 300 адам;
  • «Целинный» — 1 100 адам;
  • «Сарыағаш стансасы» — 145 адам;
  • «Бейнеу» — 1 100 адам.

— Шекарадан тез арада өткісі келетіндерге «Б. Қонысбаева», «Сырдария», «Целинный», «Сарыағаш стансасы» және «Бейнеу» бекеттерін таңдауға кеңес берерміз, өйткені онда жүктелме аз және шекарадан өтуге аз уақыт кетеді, — дейді Мемлекеттік кірістер комитетінен.