Каппадокияда ту бағанасында билеген туристке қатысты қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның ең ірі туристік орталықтарының бірі Каппадокияда ту бағанасында би билеген шетелдік туристке қарсы қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Hurriyet.
Қыз ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралар тізіміне енгізілген Каппадокия өңіріндегі маңызды орындардың бірі — Үчхисар қамалының төбесінде тұрған түрік туы ілінген бағананы пайдаланып, акробатикалық қимылдар жасады.
Шетелдік туристтің мұндай орынсыз әрекеті қоғамда үлкен наразылық туғызды. Невшехир провинциясы губернаторының әкімдігі мәлімдеме жасап, ту бағанасында би билеген адамға қатысты тергеу басталғанын хабарлады.
Әділет және даму партиясының депутаты Эмре Чалышкан әлеуметтік желідегі жазбасында бұл әрекетті қатаң айыптады.
– Ту – біздің намысымыз, көзіміздің қарашығы. Мұны түсінбеген әрбір адамға ескерту жасалып, дереу шара қолданылуы тиіс. Біз Каппадокияда туристерді әрдайым қонақжайлықпен қабылдап келдік. Алайда ұлттық және рухани құндылықтарымызға мұндай құрметсіздік мүлдем қабылданбайды, – деді ол.
Невшехирдің бас прокуратурасы Түркия Қылмыстық кодексінің 300 және 301-баптары бойынша шетелдік азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Бұл баптарда тиісінше үш жылға және екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі уақытта туристің азаматтығы мен оның қайда екені белгісіз.