Қапшағай көлінің жағалауы дами түспек

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағайдың ең басты бағыттарының бірі - көлдің жағалауын дамыту. Қала әкімі Талғат Қайнарбеков осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен облыс басшысын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Қала әкімінің айтуынша, жалпы аумағы 8,2 га 5-ші және 6-шы жағажайларға биылғы жылға 265 млн. теңге бөлінген. Мұнда жағалау волейболы, футбол және балалардың ойын алаңдары, қайыққа арналған пирс, басқа да қажетті мүмкіндіктердің бәрі жасалмақ. Облыс әкімі Амандық Баталов демалыс аймағының ең алдымен сапалы жасалуына, қызмет көрсету құны қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуына назар аударуды міндеттеді. Туризмді дамытуға зор ықпал ететін жағалауды абаттандыру жобасын әзірлеп, ұсынуды тапсырды.  Облыс басшылығы тарапынан бұл іске барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін айтты.

Сондай ақ Амандық Баталов Қапшағай қаласындағы жұмыс сапары барысында қаланың 1-шағынауданындағы № 17, 19 үйлердің аулаларында болып, аула алаңдарын жаңарту жобаларымен танысты. Аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Қайрат Күленбаевтың айтуынша, жалпы аулаларды абаттандыру кезең-кезеңімен іске асырылып, оған жалпы сомасы 687 млн. теңге бөлінбек. Ал биылғы жылы бұл жұмыстың алғашқы кезеңіне 100 млн. теңге облыстық бюджеттен қарастырылған. Осы қаржыға қаладағы 12 ауланы көркейту жоспарланған. Балалардың ойын алаңдары, баскетбол, футбол алаңдары, орындықтар, урналар, қоршаулар, жаяу жүргінші жолы - барлық жағдайлар жасалатын болады. Облыс әкімі Амандық Баталов ауланы абаттандыру барысында ауладағы балалардың еркін ойнап, қариялардың демалып, әңгімелесіп отыруларына қолайлы жағдайлардың бәрі сапалы қарастырылуы керектігін баса тапсырды.