Қапшағай тұрғындары карантин кезінде пикник ұйымдастырған

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағай тұрғындары карантин кезінде пикник ұйымдастырып, ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оларға ТЖ режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

«Өткен кеште қызмет көрсетілетін учаскені патрульдеу кезінде халық арасында «Картодром» деп аталатын жұмыс істемейтін кәсіпорындардың бірінің аумағынан шыққан қатты музыка біздің назарымызды өзіне аударды. Қоршау ішіне кірген біз қатты музыкамен көңіл көтеріп жүрген жастар тобын көрдік, олардың арасында балалар да бар. Төтенше жағдай кезеңінде жаппай іс-шараларға тыйым салынғанына қарамастан, бұл жерде туған күн атап өтіліп жатқандығы белгілі болды. Тәртіп бұзушылар өз кінәсін түсініп, салтанатты шараның ұйымдастырушысы кешірім сұрады», - деді патрульдік полиция взвод командирі полиция аға лейтенанты Диас Айнақұлов.

Ұйымдастырылған пикникке қатысқан бес ересек азаматқа қатысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырып, оны сотқа жолдады.

«Карантин жарияланған уақыттан бастап Қапшағай қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдай режимін бұзған 139 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде алты заңды тұлға да бар. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 478-бабында көзделген төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін бір іс-әрекет те анықталды»,- деп толықтырды Диас Айнақұлов.