Алматы облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағының хабарлауынша, жергілікті департаменттің кезекші пультіне гидроцикл тізгіндеген екі адамның Қапшағай су қоймасының ортасында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Осы оқиғаға қатысты мәліметтерден белгілі болғаны - Алматыдан демалуға келген екі жігіт жағадан тым алысқа ұзап кетіп, гидроциклдің жанармайы таусылып, жағаға жете алмай қалған.
Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының Қапшағай өңірі бөлімшесінің құтқарушылары арнайы катермен оқиға орнына барып, гидроциклді жағаға жеткізді.
«Біз жанармай жетпей қалатынын ескермей, алыс жаққа ұзап кетіппіз. Жүзіп кетуге мүмкіндік жоқ. Гидроциклдер, қайықтар болмады, ешкім жоқ, хабар берейік десек. Сол жерде 2 сағаттай тұрдық. Әйтеуір 112 нөміріне хабарластық. 10 минут өтпей құтқарушылар келіп, гидроциклді сүйреп жағаға жеткізді. Төтенше жағдай қызметінің жұмысына ризамыз», - деді жігіттердің бірі.
Кеше Қапшағайдың ортасында үрленген матрастың артынан қайықпен кетіп, кейін желдің кесірінен өз күшімен жағаға жете алмай қалған Ресей азаматы құтқарылды.