Қаңтар айының соңында Талғар ауданы ПБ Табиғат қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Дастан Берікбаев Қапшағай көлінде арнайы рейд жүргізу барысында балықшылардың өмірін құтқарып қалды.
Көл бетіндегі мұз бөлініп, желдің күшімен оларды 7 шақырым жерге алып кеткен.
«Браконьер» алдын алу шарасы барысында аумақты аралап келе жатқанда дүрбінің көмегімен көл ортасында көмек сұрап тұрған адамдарды көрдім. Жергілікті тұрғынның қайығын уақытша алып, көмек көрсетуге келдім. Мұз үстінде 5 адам, оның ішінде 2 әйел бар екен. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, оларды кезекпен жағаға жеткіздім. Балықшыларды көлігіне жеткізіп, аман-есен жолға салдым»,- дейді полиция капитаны Дастан Берікбаев.
Қапшағай көліне балық аулауға келгендер Алматы қаласының тұрғындары болып шықты.
Табиғи құбылысты есепке алмаған балықшылар шатыр ішінде балық аулап отырғанда мұздың бөлініп, жағадан қашықтап кеткенін байқамаған.
«Мен өз әрекетімді ерлікке санамаймын. Бұл – менің азаматтық міндетім. Кез келген тәртіп сақшысы осылай жасар еді. Дегенмен, еңбегімді жоғары бағалаған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығына алғысым шексіз. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» - деп толықтырды медаль иегері капитан Дастан Берікбаев.
Бүгін Алматы облысындағы төтенше жағдайлар басқармасының басшылығы ерлігімен ерекшеленген полиция офицеріне алғысын айтып, омырауына медаль тақты.
Өз тарапынан аудандық полиция басқармасы да табиғат қорғаушының жетістіктерін ерекше бағалады.
Полиция капитаны Дастан Берікбаев жақында Талғар ауданында арыстан асырап отырған шаруа қожалықты әшкерелеп, танылған болатын.