Қапшағайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алғашқы спорттық кешен салынады

ҚАПШАҒАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы негізінде Қапшағайда алғаш рет спорт кешені бой көтермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі күні нысанның жобалық-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Құрылыс жұмыстары жақында басталады. Аталмыш нысан қаланың орталық саябағына қарасты «Демалыс» аумағында салынады.

Жалпы 1,8556 гектар аумақты алып жатады. Екі қабаттан тұратын ғимаратта спорттың кез келген түрімен халықтың емін-еркін шұғылдануына барлық мүмкіндіктер қарастырылады.

Мысалы бірінші қабатында келушілердің киім ілу орыны, ер және әйел адамдарына жекелеген жуыну бөлмелері, көпшіліктің төлем жүргізуі, медициналық бөлімше, боксқа, күресуге арналған жаттығу жерлері мен волейбол, баскетбол,теннис, футбол ойнауға қажетті залдарда ойластырылған.

Ал,екінші бөлігінде әкімшілік бөлмелері, конференц және жиналыс залдары, 32 орынға арналған тамақтану мен шахмат ойын алаңы, қол шаю сынды қажеттіліктермен толықтай қамтамасыз етілмек.

Сол секілді қалған төменгі қабаты инженерлік-коммуникациялық желілермен жабдықталады. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кіріс және шығыс жерлерде пандустар, төтенше жағдай кезіндегі шығу жолдары мен залдарға кіру бағыттарында көтергішжабдықтары жасалмақ. Ал, мінберде арбадағы мүгедек жандарға арналған арнайы орындар да қарастырылған.