Қапшағайда суға батып бара жатқан 5 адам құтқарылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағайда суға батып бара жатқан 5 адам құтқарылды. Оның біреуі жағалауға ес-түссіз халде жеткізілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«24 мамыр күні сағат 15.25-те Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Қапшағай су қоймасын патрульдеу кезінде №6 қалалық жағажай маңында суға батып бара жатқан бір топ адамды байқап қалған. Жедел жүргізілген құтқару жұмыстарының нәтижесінде жағалауға 2002-2004 жылдары туылған 5 жасөспірім жеткізілді. Оның біреуі ес-түссіз жағаға шығарылып, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін есін жиды. Ол жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», - делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, жастар Алматы қаласынан Қапшағайға демалуға келген.