Қапшағайда жағажай футболынан Қазақстан чемпионатының 3-ші тур ойындары өтеді

АЛМАТЫ. Тамыздың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Қапшағайда тамыздың 21-23-і күндері жағажай футболынан "Иорданиди спорт кешені" базасында Қазақстан чемпионатының 3-ші тур ойындары өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған қатысатын 8 команданың екеуі Алматыдан, екеуі Қапшағайдан, қалған екеуі Аякөз қаласы мен Павлодар облысынан.  Шілденің 24-26-сы күндері өткен 2-ші турдың қорытындысы бойынша қазір  Қапшағай қаласының бір командасы 29 ұпаймен (Барыс) көш бастаса, қоржынында бірде-бір ұпайы жоқ екінші команда (Сарбаздар) көш соңында  келе жатыр.

Үшінші тур алматылық "Кристалл" мен қапшағайлық "Барыс"  арасындағы ойынмен басталады. Одан кейінгі кездесулер "Елсана" ( Аякөз) мен "Қайрат"(Алматы), "Сарбаздар" (Қапшағай) мен "Арман" (Павлодар облысы) арасында жалғасады. Қазір аякөздіктер 6 ұпаймен турнир кестесінде бесінші,  ал Алматы қаласының "Қайраты" 12 ұпаймен төртінші, "Кристалл" 17 ұпаймен үшінші,  павлодарлықтар  24 ұпаймен екінші   орында келе жатыр. Чемпионаттың мергендер көшін де "барыстықтар" бастап келе жатыр.  Қарсыластар қақпасын Бекназар Увакбаев 21 рет, ал  Бауыржан Әлібаев  20 рет дәл көздеді. Одан кейінгі орындарда  алматылық "Кристалдан"  Алекс Оджака (17) және павлодарлық "Арманнан" Дмитрий Перевертов (16) пен Асхат Мұсатаев (14) тұр.