Қапшағайда жас қыз суға батып кетті: демалыс аймағының жұмысы тоқтатылды

Фото: Қонаев әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласының әкімдігі Қапшағай су қоймасында болған қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді.

Әкімдіктен мәлім еткендей, 7 шілде күні болған оқиғаға байланысты Қонаев қалалық полиция басқармасы ҚР ҚК 306-бабы, 3-тармағына (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес қылмыстық іс қозғады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. 

— Қайғылы жағдай болған демалыс аймағының жұмысы уақытша тоқтатылды, — делінген хабарламада.

Жергілікті билік өкілдері атап өткендей, әкімдік тарапынан демалыс орындарына, жағажайларға қатысты мониторинг жалғасып жатыр. 
Оның барысында анықталған кемшіліктер құзырлы органдарға шара қабылдау үшін жолданады.

Бұған дейін прокуратура, ТЖБ, әкімдік мамандары жағажайларда қызмет ететін кәсіпкерлермен бірнеше рет жүздесіп, барлық заң талаптарын түсіндірген болатын. 

— Қонаев қаласында кез келген бағыттағы өтінішті, төтенше жағдайларды хабарлауға арналған 109 Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Тұрғындар мен қонақтардан жағажайлар мен бизнес орындарының қызметіне қатысты арыздарды осы нөмір арқылы хабарлауларын сұраймыз. Бұдан бөлек, елімізде 112 жедел желісі де жұмыс істейді, — деп хабарлады әкімдіктен.

Осыған дейін Қапшағайда депутаттың көз алдында жас қыз суға батып кеткені туралы жазғанбыз.