Қапшағайдың басындағы өкінішті жағдай Алакөлде қайталанбасын - сарапшы

Фото: None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алакөлге ағылған туристер легі көл суының сапасына зиян келтіруі мүмкін. Бұл туралы трансшекаралық өзендер ресурсы жөніндегі сарапшы Игорь Коваль «ҚазАқпарат» тілшісіне айтып берді. 

«Алакөл - Қазақстанның туризмді дамытудағы қазынасының бірі. Бұл көлді қорғау керек. Оның суы сапасы жағынан Ыстықкөлден асып түседі. Менің ойымша, туристердің үлкен үлесі жақсы түсім әкеледі, дегенмен жоспарлы түрде әрекет ету керек. Қапшағай демалыс аймағының қайғылы тарихын қайталамау керек»,-деді Игорь Коваль Орталық Азия елдері өкілдері кеңесінде.

Оның айтуынша, Алакөл қасиетін жоғалтпай, шипажай ретінде ұзақ жылдар сақталуы үшін алдын ала шаралар қолданылуы тиіс.

«Қапшағай жақсы мысал бола алады. Кеңес кезінде алдымен туристік аймақты жетілдіруді ойлайтын, ал қалдықтарды қайда жіберу керегін кейін пайымдайтын. Алакөлдің де суы басқа демалыс аумағындағыдай ластанбас үшін оның алдын алу керек. Әрбір адам өз айналасын тазаламағандықтан, экологиялық мәселе туындайды. Баянауылда да осындай қиындық туындап отыр, қазір ақырындап шешімін тауып келеді. Қалдықты қайта өңдеу, қоқыс жинау жүйесін енгізу керек»,-дейді Игорь Коваль.

Еске сала кетсек, Алматыда Орталық Азияның 10 елі мен іргелес мемлекет өкілдері қатысқан екі күндік өңірлік кеңес өтіп жатыр. Мұнда трансшекаралық өзендер ресурстарын басқару жөніндегі мәселелер талқылануда.

 

Соңғы жаңалықтар