Қапшағайға көгілдір отын келді
Бұл «Алматы облысының 2007-2015 жылдардан 2020 жылға дейінгі кезеңде кешенді газдандыру» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып жатқан жоба. Мемлекеттік бағдарлама аясында жасалып отырған игі іс өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, халықтың хал-ахуалының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз екенін Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков атап өтті.
Жалпы, газ құбырының жобалық өнімділігі жылына 400 млн текше метрді құрайды. Ол қаланың 60 мың халқын табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Қазіргі күні қаланың 4, 5, 8, 10 ықшам аудандарына құбыр жүргізіліп, үйлер сол құбырға қосылды. Енді жыл соңына дейін 18, 19 шағын аудандарындағы жеке үйлер мен көп қабатты пәтерлер көгілдір отынмен қамтылатын болады. Сондай-ақ, «Жан Іле» туристік ойын-сауық орталығы, Заречный, Арна елді мекендеріне де газ жеткізу жоспарда бар.