«Таза Өскемен» КМК мәліметіне сүйенсек, қар жауғаннан кейін барлық техника мен жұмысшы қаланы тазарту жұмыстарына кірісті.
«Соңғы бес жылда мұндай қалың қар бірінші рет жауып тұр. Қарды тазалауға 86 арнайы техника мен 185 жұмысшы тартылған. Қазіргі таңда техника тапшылығы жоқ. Қар тазалайтын техникалардың қызмет ету мерзімі арнайы ережеде белгіленген. Бүгінгі таңда техникаларымыздың 7 пайызы ғана нормативтік құжаттарға сай емес», - дейді «Таза Өскемен» КМК директоры Асхат Тәженов.
Оның айтуынша, жол бойында және қоғамдық көліктердің соңғы аялдамаларында тұрған көліктер қар тазалайтын техникалардың жұмысына кедергі келтіруде.
«Тұрғындардан сабыр сақтап, түсіністік танытуды сұраймыз. Техникалар үздіксіз жұмыс істеуде. Бір-екі күнде жағдай реттеледі», - дейді Асхат Тәженов.
Фото: gov.kz