«Қазселденқорғау» филиалының бақылаушылары жүргізген мониторинг нәтижесінде қар көшкіні қаупі бар учаскелерде 70 сантиметрдей қар жиналғаны белгілі болды. Соған орай департамент өкілдері облыстық маңызы бар тасжолдарда көшкіннің алдын алу бойынша тиісті шараларды қолға алды.
«Биылғы қыс кезінде «Өскемен-Таулы Үлбі-Северное», «Өскемен-Алтай», «Өскемен-Самар» тасжолдарында қар көшкіні түсірілді. Жүргізілген 10 жарылыстың нәтижесінде 4470 текше метр қар түсірілген. Бүгінде Шығыс Қазақстанда қар көшкіні қаупі бар учаскелер саны – 497. Олардың 336-сы объектілер мен тұрғындарға қауіп төндіреді», - дейді «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының директоры Омар Дұзғымбаев.
Оның айтуынша, қыс кезеңінде қар көшкіні бойынша тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. ШҚО ТЖД мамандары тұрғындарға қар жауғаннан кейін 3-5 тәулік ішінде тауға барудан бас тартуға кеңес береді.
«Көшкін қаупі бар учаскеден автомобильмен өтіп бара жатсаңыз тоқтамаңыз. Аса қажеттілік болмаған жағдайда, тауға барудан аулақ болыңыз. Егер сізге құтқарушылардың көмегі қажет болса 112 нөміріне хабарласа аласыз», - деп хабарлады ШҚО ТЖД.