ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы тасжолда қар көшкіні жүру қаупіне байланысты көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ауа температурасының күрт жылынуына және желдің күшеюіне байланысты таулы жерлерде қар көшкіні жүруі мүмкін. Сондықтан бүгінде «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» тасжолының 46-66 шақырымы ауыр жүк көліктері үшін жабылды.
«Сондай-ақ аталған тасжолдың 58-65 шақырымы аралығында қауіпсіздік мақсатында көліктің барлық түрлері үшін 15-18 наурыз күндері қатынамауға кеңес береміз», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, өңір жұртшылығы алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыра алады.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.