Қар көшкінінен қаза тапқан Алматы облысының тумасын ақтық сапарға шығарып салды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында қар көшкіні салдарынан қаза тапқан әскерилердің бірі Алматы облысының тумасы. Бүгін  взвод командирі Әлішер Мошабаевты ет жақындары жер қойнына тапсырды. Марқұммен қоштасу рәсімі Қаратал ауданында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

26  жасында тағдыры қыршыннан қиылған Әлішердің артында жары және ұлы қалды. Ертең марқұмның Айсұлтан есімді баласы 1 жасқа толады.
 

«Артында аңырап анасы, жары, ұлы және бауыр еттері езіліп бауырлары  қалды. Бұл апат бүкіл халықтың басына түскен қайғы. Бұған  қазақ жерінің қиыр-қиырындағы азаматтардың бәрінің де қабырғасы қайысты. Еліміздің тыныштығын қорғауда Отанына қызмет етіп, парызын адал атқарған офицер Әлишер Қырықбайұлының жатқан жері жайлы болсын», деп Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев көңіл айтты.

Әлішер отбасында үш ағайынды. Тасқын және  Айдын есімді ағаларының жолын қуып, әскери саланы таңдаған. Алматыдағы әскери институтты бітірген жас офицер бірден  Жамбыл облысындағы 91678 әскери бөліміне жөнелтілген. Осы жақта отбасын құрған. Экстрималды альпинизммен шұғылданып, талай шыңдарды бағындырған. 2016 жылы 2-5 маусым күндері Астанада өткен «Әскери-техникалық құралдар мен қарулардың»  IV Халықаралық «KADEX-2016» көрмесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға бірге қызмет еткен әріптестері де келді.
 

 «Бұл жағдайда көп қарулас досымыздан айырылып қалуымыз мүмкін еді. Егер де осы топты басқарған офицеріміз Әлішер Қырықбайұлы өзінің шеберлігімен экстремалды жағдайда тез шешім қабылдап,  өздерінің денелерімен топты бір жерге ұйымдастырып, үстінен қоршап жатып, өздері шейіт болды» -  деді  91678 әскери бөлімінің өкілі Ардақ Сатанов.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпан күні Жамбыл облысында төтенше жағдай орын алды. Көксай шатқалында әскери қызметшілердің оқу-жаттығу жоспары  қайғымен аяқталды. Қар көшкіні жүріп,  табиғи апат салдарынан 7 адам қаза тауып, 16 адам зардап шекті.