Қар көшкіні қаупіне байланысты Богданович мұздығында шектеу күшейтілді

Фото: instagram.com/ ile_alatau_nationalpark

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қар көшкіні қаупінің жоғары деңгейде сақталуына байланысты Кіші Алматы өзені алабында орналасқан Богданович мұздығы мен «Шымбұлақ» курорттық аймағында белгіленген шектеулерді сақтау қажет. Бұл туралы «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі хабарлады.

Ұлттық парктің мәліметінше, Богданович мұздығы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады және қорықтық режим қолданылатын экологиялық тұрақтандыру аймағында орналасқан.

Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңының 45-бабына сәйкес, бұл аумақта реттелетін экологиялық туризмнен өзге шаруашылық және рекреациялық қызмет түрлеріне тыйым салынады.

– Метеорологиялық жағдайдың қолайсыздығын, қар жамылғысының қалыңдығын және көшкін қаупі бар учаскелердің болуын ескере отырып, аталған аумақтарда туристер мен азаматтардың жүруі олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, - делінген хабарламада.

Ұлттық парк өкілдерінің мәліметінше, бұл шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін 23 қаңтар күні сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін Алматы облысында қалың қар жаууы мүмкін екенін хабарлағанбыз.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға, туристерге және жүргізушілерге қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.