Ұлттық парктің мәліметінше, Богданович мұздығы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады және қорықтық режим қолданылатын экологиялық тұрақтандыру аймағында орналасқан.
Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңының 45-бабына сәйкес, бұл аумақта реттелетін экологиялық туризмнен өзге шаруашылық және рекреациялық қызмет түрлеріне тыйым салынады.
– Метеорологиялық жағдайдың қолайсыздығын, қар жамылғысының қалыңдығын және көшкін қаупі бар учаскелердің болуын ескере отырып, аталған аумақтарда туристер мен азаматтардың жүруі олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, - делінген хабарламада.
Ұлттық парк өкілдерінің мәліметінше, бұл шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін 23 қаңтар күні сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін Алматы облысында қалың қар жаууы мүмкін екенін хабарлағанбыз.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға, туристерге және жүргізушілерге қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.