ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, күн күрт жылытып, қар жылдам ери бастағандықтан өңірдің таулы жерлерінде көшкін жүру қаупі артқан.
- Соған байланысты 17 наурызда сағат 10-00-де Катонқарағай ауданындағы жергілікті маңызы бар «Согорное-Барлық» тасжолының 9-17 шақырымындағы тау бөктерінде жарылыс жасалып, қар көшкіні түсіріледі. Сондықтан аталған жол учаскесі көліктің барлық түрі үшін жабық болады. Көлік жүргізушілерінен өз бағытын алдын ала жоспарлап алуды сұраймыз, - делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өңір халқына көктемде мұзға шығу қаншалықты қауіпті екенін түсіндіргені хабарланған.