Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» болжамына сүйене отырып, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді көктайғақ кезінде ерекше мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
- 5 наурызда Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында қатты қар жауып, оңтүстік-шығыстан соғатын жел екпіні секундына 18–23 метрге дейін жетеді, күндіз кей уақытта 28 м/с дейін жетуі мүмкін. Сондықтан таулы аймақтарға бармауды сұраймыз, - деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар ТЖД қала тұрғындарына көлікті ағаштың астында қалдырмау керек екенін ескертті.
Қатты жел кезінде мүмкіндігінше үй-жайда болыңыз. Егер үйде болсаңыз, терезелер мен есіктерді мықтап жабыңыз. Ауладан, ашық балкондардан және лоджиялардан үйіңізге зиян келтіруі мүмкін тұрмыстық заттарды алып тастаңыз. Далада билбордтардың, ағаштардың астында, аяқталмаған ғимараттарда, сондай-ақ үйлердің қабырғаларында жасырынуға болмайды, - деп түсіндірді ТЖД.
Еске салайық, Қонаев қаласында 27 м/сек жылдамдықпен жел соғып, оның салдарынан тұрғын үйлердің шатыры ұшты және жеңіл конструкцияларға зақым келді.
Одан бөлек Алатау қаласының әр аумағында қатты желден инфрақұрылым зақымданды.