Қар мен көктайғақ: Қазақстанның бес облысында жүргізушілерге ескерту жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — 5 қарашада Қазақстанның бес облысында жаңбыр аралас қар жауып, жолдар тайғақ болуы мүмкін. Республикалық трассаларда көріну қашықтығы төмендеу қаупіне байланысты жүргізушілерге сақтық шараларын сақтау ескертілді.

Фото: Kazinform\ЖИ

ҚазАвтоЖол компаниясының мәліметінше, бүгін Абай, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр аралас қар жауып, кей жерлерге қалың қар түседі.

Осыған байланысты республикалық автожолдардың жекелеген бөліктерінде көріну қашықтығы төмендеп, жол беті тайғақ болуы мүмкін.

— Жүргізушілерге ауа райын ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, жол жағдайына қарай жылдамдықты таңдауды және оқыс маневр жасамауды ұсынамыз, — деп ескертті жол компаниясынан.

Айта кетейік, бұған дейін бүгін Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы құбылмалы болатынын жаздық. Кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, тұман түседі, найзағай ойнап, желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді. Солтүстік өңірлерде көктайғақ пен үсік болуы мүмкін. Сонымен қатар елдің бірнеше облысында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.