Қар, тұман, көктайғақ: 11 желтоқсан күнгі ауа райы болжамы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 11 желтоқсан күні республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында қар жауады, оңтүстік өңірлердің кей жерлерінде жауын-шашын (көбінесе қар түрінде) болады. Қазақстан аумағының қалған бөлігіне антициклон әлі де ықпалын тигізеді. Соған байланысты жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Еліміздің кей жерлерінде тұман, желдің күшеюі, жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік өңірлерде көктайғақ болжанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазгидромет» РМК ақпаратына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман, бұрқасын күтіледі, жел 15-20 м/с күшейеді.

Павлодар облысының кей жерлерінде тұман, жаяу бұрқасын болады. Түнде жел 18 м/с артады.

Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде тұман болжанады. Күндіз Жамбыл, Түркістан облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде көктайғақ, тұман болады.