Қар, жаңбыр, жаяу бұрқасын: 19 қарашада қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Синоптиктер 19 қарашада елдің бірнеше өңірінде тұман түсіп, көктайғақ болатынын, қар мен жаңбыр жауып, жаяу бұрқасын және екпіні күшті жел соғатынын ескертті.

Фото: Kazinform/ЖИ

Жетісу облысының таулы аудандарын түнде және таңертең тұман басады. Солтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Ақтөбе облысының солтүстігі мен солтүстік-шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Облыс жолдарында көктайғақ болады.

Атырау облысының батысы мен оңтүстігін түнде және таңертең тұман басады.

Маңғыстау облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың орталығында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың шығысы мен таулы аудандарында желдің екпіні 15-20 м/с болады. Облыстың солтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Іле Алатауының Алматыдағы Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарын да тұман басады. Оңтүстік-шығыстан жел соғып, кей уақытта екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Алматыда да түнде және таңертең тұман түседі. 

Түркістан облысының батысы мен оңтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен оңтүстігінде, таулы аудандарда тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысады. Облыстың батысы мен солтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда желдің екпіні 15-20 м/с болады. Түркістанда да жел бағыты оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, күндіз екпіні 15-20 м/с болады.

Шымкентте күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Жамбыл облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады. Түнде облыстың таулы аудандарында, күндіз солтүстігі мен таулы аудандарында желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Ұлытау облысының батысы, солтүстігі мен орталығын түнде және таңертең тұман басады.

Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Батысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғып, түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысында екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Қостанай қаласында түнде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің түнгі екпіні 15-20 м/с болады.

Қарағанды облысының батысы, солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Қарағанды қаласында да осы уақытта тұман болады.

Павлодар облысының батысы, оңтүстігі мен орталығын тұман басады. Павлодарда да тұман түседі.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болады. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың оңтүстік-шығысында екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Өскемен қаласында да түнде және таңертең тұман түседі.

Абай облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, таңертең және күндіз облыстың орталығында екпіні 15-20 м/с болады.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде түнде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Күндіз бұл аудандарда жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ сақталады. Түнде және таңертең облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады. Облыстың батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде желдің екпіні 15-20 м/с болады, батысы мен оңтүстігінде кей уақытта 25 м/с-қа дейін күшейеді. Петропавлда түнде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ сақталады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Қызылорда облысының солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында көктайғақ болып, тұман түседі. Облыстың оңтүстік-батысы мен солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылордада да кей уақытта көктайғақ болып, тұман түседі.

Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең аздаған қар жауып, көктайғақ болады. Облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман түседі.