«Қара алтын» кімнің бағы, кімнің соры?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 тамыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен экономикалық саясаттың алдағы шаралары жөніндегі кеңес өтті. Оған Премьер-Министр және өзге де Үкімет мүшелері сондай-ақ, елдің ірі экспорттаушылары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның іскер топтарының өкілдері қатысты. Осы алқалы жиын арқалу болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жаңа экономикалық саясат жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде әлемдік экономикадағы күрделі ахуалға назар аударды. Елбасы жиын басында әлдеқалай қиындық туар кезең болса халыққа өзі тура айтуға уәде бергенін еске алып, соған орай қазіргі қалыптасқан жағдайды түсіндірмек екенін айтқан. «Соңғы жылы әлемдік экономикадағы ахуал едәуір төмендеді. Экономиканың бүкіл дүниеде нашарлағаны бәрімізге көрініп отыр. Дағдарыс барлық бағытта, яғни шикізат тауарларына, валюта, қаржы нарықтарына әсер етуде. Бұл дамушы және дамыған мемлекеттерде орын алып отырған жағдай. Шикізат тауарларына баға барша әлемде төмендеді, сондықтан біздің бюджетке түсетін қаржының ауқымы едәуір төмен болды. Біз бұрын мұндай жағдайлардың талайынан өттік. Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі кездегі жылына екі мың пайыз инфляциядан өткеніміз естеріңізде болар. Барлық зауыттар мен фабрикалардың тоқтап, екі миллион адамның жұмыссыз қалғаны, зейнетақы мен жалақы төлей алмай қалғанымыз белгілі. Ол мемлекеттің ешқандай қоры болмаған кез еді. Одан кейін өткен ғасырдың аяғындағы Шығыс Азиядағы ұлы дағдарысқа түстік. Ресейдің рублі 6-дан 24-ке дейін көтеріліп, төрт есе құлаған кезде Қазақстанның жағдайы мүшкіл болатын. Одан кейінгі 2007-2009 жылдардағы Америкадан басталған дағдарыстың ең қиын кезеңінен өтіп, елді алып шықтық», - деп өтті Президент. Сонымен қатар, мақала авторы жиында Елбасымыздың қиындықтан шығу жолдарын да жан-жақты көрсеткенін атап өткен.

***

Соңғы аптадағы мұнай бағасының күрт құлдилауын Ираннан көретіндер көп. Өйткені, әлемдегі мұнай нарығына жаңа бір ойыншының қосылуы, осы салада үлкен төңкерістер жасауы бек мүмкін. Тіпті «Иранға байланысты санкция алынып тасталуы мүмкін» деген хабарды ести сала, қара алтыннан қаржы тауып отырған елдердің ұнжырғасы түсіп кеткені белгілі. Осы ретте ирандық мұнай төңірегіндегі түйткілдерге қатысты мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қара алтын» кімнің бағы, кімнің соры?» деген тақырыппен беріліп отыр. «Санкция алынып тасталса, табиғи байлыққа аса бай елдің өрлеуі тез болмақ. Қазірдің өзінде Иран жағы санкция жойылғанның күннің ертесінде-ақ әлемдік нарыққа күніне 1 миллион баррельден артық қара алтын шығаруға мүмкіндігі бар екенін жариялады. Егер жағдай солай белең алатын болса, онсыз да мұнайға шып толып тұрған нарықта қара алтынның бағасы сырғанап төмен кетпек. Тіпті, Иран жағы танкерлерде сақтаулы тұрған 30 миллион баррель мұнайды әлемдік нарыққа бірден лақтыра алады. Мұнай бағасы сол кезде 20 долларға дейін құлайды. Өйткені Иранда бір баррель қара алтынның өзіндік құны небәрі 5 доллар», - деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Адай Секенұлымен арадағы сұхбат «Туризмді дамытуда түйткіл болмауы тиіс» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Үкіметтің туризмге бөлген қаражат үлесін арттыру, оны арнаулы түрде инфра-құрылымға, үгіт-насихатқа, маман тәрбиелеуге, әлеуметтік қызмет өтеу бағыттары бойынша пайдалану да маңызды. Қаржылық қолдау көрсететін банктерді жұмыспен қамтамасыз ету және өңірлік туризм үшін даму мүмкіншілігі бар нысандарға белгілі жеңілдікпен несие берілуін де ұмытпау керек. Жергілікті қонақүй, туристік базалар, туристік фирмаларға қатысты су, электр қуатын тұтынуда оларды заңды тұлғалармен тең құқыққа ие болуын реттестіру керек. Жергілікті әкімшілік тарапынан жеңілдік жасалуы туризмнің қарқынды дамуына ықпалын тигізері анық», - дейді.

***

Ауыл тұрғындарының «ұйқы басуымен» белгілі Калачиде тағы да дүрбелең туып тұр. Бұл жайында «Экспресс-К» газетінің жұма күнгі нөміріндегі « Калачами не заманишь» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, жергілікті билік тосыннан елді мекендегі мектепті тек бастауыш сыныбын ғана қалдырып, қалғанын жауып тастау шешімін шығарыпты. Ал қалған сынып оқушыларына Калачиден 40 шақырым жердегі Есіл интернеатында оқуға ұсыныс жасалуда. Оқушыларды мектепке дейін автобуспен жеткізуге де уәде беріп отыр. Дегенмен, «қыстың қамын жаз ойлаған» ата-аналар боранды күні жол жабылса, оқушыларының оқудан қалатындығына алаңдаулы.