Қара атан шөккен төбе: Марал ишан кесененің құпиясы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Сыр бойындағы Қармақшы өңірі – тарихи мұраға бай аймақтардың бірі. Киелі орындар мен көне ескерткіштердің қатарында Марал ишан кесенесі айрықша маңызға ие.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ол Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде, Қараөзек өзенінің аңғарында орналасқан.

Фото: К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйі

- Марал ишан 1769 жылы дүниеге келіп, 1841 жылы қайтыс болған. Arheology.kz сайтының мәліметінде оның Батыс Сібірдің бас имамы болғаны және ХІХ ғасырдың басындағы тарихи-саяси оқиғаларға араласқаны көрсетіледі. Марал ишан діни білім алып, ел арасында діни сауаттылықтың қалыптасуына ықпал еткен рухани қайраткер ретінде белгілі. Әкесі Құрман Кенжебайұлы да ел ішінде батырлығымен және емшілік қасиетімен танылған. Оның есімі өмірінің соңғы кезеңі және жерленген жерімен тығыз байланысты. Кесене өңірдің тарихи-мәдени мұра жөніндегі материалдарында ХІХ ғасырда салынған, ишан жерленген орында тұрғызылған және халық тағзым ететін қасиетті орындардың бірі ретінде көрсетіледі. Жергілікті сәулет дәстүрінің ерекшеліктерін сақтаған ескерткіштердің бірі, - деді К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің ескерткіштер жөніндегі маманы Гүлфайруз Байкөбекова.

Фото: К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйі

Марал ишанның өмір жолы тарихи оқиғалармен сабақтас. Деректерде оның арғы аталарының Абылай ханның жоңғар тұтқынынан босатылуымен байланысты тағдырлы оқиға баяндалады.

Абылайға жоңғар ханы Қалдан-Цереннің екі қызы беріледі. Солардың бірінен кейін Құрман есімді емшіге тұрмысқа шыққан Фатимадан Құлжа, Арал және Марал дүниеге келгені айтылады. Марал ишанның ел арасындағы беделі Сыр бойы мен Арқаға кең тараған.

Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

- Ол діни ағартушылықпен қатар қазақ халқының жері мен дінін қорғау ісіне де араласқан. 1821 жылы патша өкіметінің қазақтарды шоқындыру және жерді тартып алу саясатына қарсылық білдіріп, ресми тұлғаларға хат жолдаған. Кейін Кенесары қозғалысы кезінде оның рухани кеңесшілерінің бірі болғаны жөнінде деректер бар. Марал ишан Сыр бойына қоныс аударып, қазіргі Қармақшы өңіріне тұрақтайды. Осында бірнеше мешіт-медресе салдырып, шәкірт тәрбиелеген. Осыған байланысты ел ішінде бұл жер «Қырық мешіт» аталған. Бабаның төрт әйелінен сегіз ұлы болған. Ұрпақтары Қызылорда, Қостанай, Торғай, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Өзбекстан жерлерінде тұрады. Жұрағаттарының көпшілігі Қармақшы ауданында тіршілік етіп жатыр. Әулиенің өзі «Бір баламнан төрт ишан шықты» дейді екен. Әулиенің шүкіршілікпен мақтан тұтқан немерелері үлкен баласы Қалқай ишаннан тараған. Ишан дүниеден өткен соң балалары пірлік еткен. Әулиешілік қасиет немере, шөберелеріне дейін жалғасқан. Ұрпақтары аймақта діни білімнің дамуына үлес қосқан. Халық арасында Марал ишанның әулиелігі мен кереметтерін баяндайтын көптеген аңыз-әңгіме сақталған. Сыр бойының белгілі жыраулары мен ақындары да оны жырларына арқау еткен. Марал ишан 1841 жылы Қостанай өңіріндегі Әулиекөл маңында дүниеден өтіп, сүйегі Сыр бойына жеткізілген. Аңыз бойынша мәйітін алып келген көштің қара атаны бір төбенің басына шөгіп, орнынан тұрмаған. Осы жерге Марал ишан жерленіп, кейін оның басына кесене тұрғызылған. Бұл орын кейін халық тағзым ететін тарихи-рухани нысандардың біріне айналды, - деді Гүлфайруз Байкөбекова.

Кесене саз қоспасы бар қам кесектен соғылған. Екі жағы күмбезбен көмкерілген. Басында халық келіп түнейтін қонақ үйі және шырақшысы бар.

Бұған дейін біз Үстірт төсіндегі тас мүсіндер мен жұмбақ таңбалар сақталған Бәйте-3 ғибадатханасы туралы жаздық.