«Суық хабар! Жаңа ғана Шымкенттегі желтоқсаншы досым Исабеков Сәбит хабарласты! Желтоқсан көтерілісіне арналған "Қара бауыр қасқалдақ" әнінің авторы,сазгер Ілесбек Аманов ағамыз дүниеден өтті... Ілесбек ағамыздың иманы саламат болсын!»,- деп жазды Фейсбуктегі парақшасында Ерлан Декелбаев есімді желі қолданушы.
Желтоқсан оқиғасынан тұп-тура бiр жылдан кейiн дүниеге келген "Қара бауыр қасқалдақ" әнінiң тарихы туралы, әннiң авторы, белгiлi сазгер Ілесбек Аманов көзі тірісінде «Жас алаш» газетіне берген сұхбатында былай депті:
«Әннiң мәтiнiн жазған белгiлi ақын - Есенғали Раушанов. Жұлдыз журналын қарап отырып осы өлең жолдары көзiме оттай басылды.
Қара бауыр қасқалдақ
Қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидiң
Еңбегiндей былқылдап.
...Ұя қалса иесiз,
Айдын үшiн сол қайғы.
Қаңғып келген шүрегей,
Көлге пана болмайды, - деп ойын астарлап жеткiзген өлеңде автор қасқалдақ деп - Қонаевты, ал Колбиндi қаңғып келген шүрегей деп отырған астарын бiрден түсiндiм. Өлеңдi оқып отырып ән өзiнен-өзi шыға келдi. Бұл - 1987 жылдың 18 желтоқсаны болатын».